Қазақстан мен Әзербайжан металлургия саласында ірі бірлескен кәсіпорын құрады

28

Munarmedia.kz 26.09.2025 /Астана/ Бакуде өткен Бірінші Әзербайжан халықаралық инвестициялық форумы аясында Dashkasan Iron Ore компаниясы мен қазақстандық Fonte GreenMet Investments Fund арасында бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келісімге қол қойылды. Жаңа құрылым — «Әзербайжан металлургия компаниясы» — жылына 2 миллион тонна ыстық брикеттелген темір (ГБЖ) өндіретін зауыттың құрылысы мен оны кейінгі пайдалануға жауапты болады. Кәсіпорынның іске қосылуы 2029 жылға жоспарланған, ал жобаға салынатын инвестиция көлемі 700 миллион АҚШ долларына бағалануда.

Зауыт Шамкир ауданында салынып, Дашкесан кен орнын кешенді игеру бойынша ауқымды жоспардың негізгі буынына айналмақ. Жобаның геологиялық және логистикалық күрделілігіне — яғни темірдің рудадағы үлесі төмен, кеннің тереңде орналасуы және теңізге тікелей шығу жолының болмауына қарамастан — экономикалық және стратегиялық негіздемесі жасалған. Өндірістік тізбек үш кезеңді қамтиды:

  • темір үлесі 67%-дан жоғары концентрат өндіру;

  • темір кенін окатыш түрінде өңдеу;

  • кейін оны ыстық брикеттелген темірге (ГБЖ) айналдыру.

Жобаның болжамды жылдық үлесі Әзербайжан экономикасына 694 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс әкеледі және 1600 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Жобаның барлық кезеңдері іске асқанда 4000-ға жуық жұмыс орны ашылып, ел экономикасына 13 миллиард доллардан астам қосылған құн әкелмек. Жоба ішкі нарықты ғана емес, экспорт бағыттарын да көздейді, бұл Әзербайжанның аймақтағы металлургиялық позициясын едәуір нығайтады.

Қазақстан тарапынан бұл жобаға қатысу, негізінен, стратегиялық инвестиция ретінде қарастырылуда. Алайда Қазақстан бұл кәсіпорын арқылы шикізатқа да, инфрақұрылымға да тікелей қол жеткізбейді. Бұл тұрғыда Астана болашақта дивидендтер есебінен табыс табуды көздесе де, жобадағы негізгі пайда Әзербайжанға бұйыруы мүмкін. Қазақстан үшін бұл жоба — аймақтық экономикалық ықпалды арттырудың және Каспий маңындағы серіктестікті тереңдетудің құралы ретінде маңызға ие.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізі арқылы өтетін алғашқы суасты талшықты-оптикалық кабель желісін тартуды бастаған болатын. Бұл екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.