Munarmedia.kz 19.09.2025 ж. /Астана/-Бүгін Мәжілісте жаңа «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы таныстырылды. Құжат еліміздегі цифрлық активтерді реттеудің басты негізіне айналып, цифрлық теңгенің ресми мәртебесін заң жүзінде бекітеді. Жаңа жүйеге сәйкес, Ұлттық банк цифрлық валютаның жалғыз эмитенті әрі кепілі болып айқындалды. Оның қолданылуы қолма-қол және қолма-қолсыз төлемдермен теңестірілмек. Ал операциялар үшін арнайы жаңа құрал – «цифрлық шот» енгізіледі. Ол кәдімгі банктік шоттар сияқты қатаң реттелетін болады.
Заң жобасы цифрлық қаржылық активтердің үш санатын қарастырады: стейблкоиндер, базалық ресурстармен қамтамасыз етілген активтер және токендендірілген қаржы құралдары. Олардың шығарылымы мен айналымын Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп бақылайды. Сондай-ақ жаңа қатысушылар үшін лицензиялау жүйесі, ақпарат ашу міндеттемелері мен инвесторлардың құқықтарын қорғау талаптары енгізіледі.
Сонымен бірге құжатта банктердің жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, биометрия және телекоммуникация саласында жұмыс істейтін финтех-компаниялардың капиталына инвестиция салуына рұқсат берілген. Алайда мұндай қатысу арнайы лимиттермен шектелмек. Егер банк өзінің инфрақұрылымын сыртқы ұйымдарға ұсынған жағдайда, тұтынушылар алдындағы жауапкершілік толықтай банкке жүктелетіні де нақты жазылған.
Сарапшылардың пікірінше, аталған заң жобасының қабылдануы цифрлық теңгенің толыққанды айналымына құқықтық база қалыптастырып, пайдаланушылардың қорғалуын арттырады әрі Қазақстандағы финтех саласының дамуын жеделдетпек.