Қазақстан арқылы Әзербайжанға: Қытай Транскаспий бағытымен тағы бір дәліз ашты

32


Munarmedia.kz.11.07.2025 ж. /Астана/-Қытайдың Шаньси провинциясынан Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТМТМ) бойынша алғашқы жүк пойызы жолға шықты. Цзиньчжун қаласынан аттанған құрам Әзербайжан астанасы Бакуге бет алды. Пойыз 1150 тоннадан астам салмақты құрайтын 50 контейнер күн панельдерін тасымалдауда.

Жаңа бағыт Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жүк Ақтау портына дейін теміржолмен жеткізіліп, ары қарай Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға теңіз жолымен жөнелтіледі. Осылайша, Шаньси провинциясы алғаш рет «Қытай – Еуропа» бағытындағы ТМТМ желісіне қосылды.

«Чжундин» логистикалық орталығы мен Huayuan International Land Port компаниясының өкілдері бұл бағыт логистика процесін айтарлықтай жеделдететінін және Закавказье, Түркия мен Шығыс Еуропа елдеріне күн батареяларын тұрақты жеткізуге жол ашатынын мәлімдеді.

Қазіргі таңда Huayuan компаниясы Қытай, Еуропа және Орталық Азияны байланыстыратын 23 тұрақты маршрутты қамтамасыз етеді. Бұл желілер 16 елдегі 48 қаланы қамтиды. Соңғы бес жылда ТМТМ арқылы тасымал көлемі 6 есе артқан – бұл бағыттың өсіп келе жатқан геоэкономикалық маңызын көрсетеді.

Айта кету керек, бұған дейін Цзиньхуа қаласынан ТМТМ желісімен түрікменстандық Түрікменбашы портына және Өзбекстандағы Назарбек стансасына алғашқы жүк пойыздары жөнелтілген болатын.