Қазақстан 2026 жылы электромобильдерді әкелуге арналған жеңілдіктер тізіміне енбей қалды

86

Munarmedia.kz 15.12.2025 /Астана/ Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдер 2026 жылы электромобильдерді әкелуге қатысты тарифтік жеңілдіктер беру жөнінде келісімге келгенімен, Қазақстан бұл жеңілдіктер қарастырылған мемлекеттер қатарына кірмеді.

Мемлекетаралық үкіметаралық кеңестің шешіміне сәйкес, тарифтік жеңілдік тек Армения, Беларусь және Қырғызстанға берілді.

Атап айтқанда, Беларуське 20 мың электромобильді кедендік бажсыз әкелуге рұқсат етілген. Ал Армения мен Қырғызстанға 15 мыңнан электромобильдер мен гибридті автокөліктерді импорттауға лимит белгіленді. Еуразиялық экономикалық комиссияда (ЕЭК) мұндай шаралар бұған дейін экологиялық таза көлік нарығын дамытуға және зарядтау инфрақұрылымын кеңейтуге оң ықпал еткенін атап өтті.

Сонымен қатар аталған жеңілдіктер тек осы үш елде тұрақты тұратын азаматтарға ғана қолданылады. Жеңілдікпен әкелінген автокөліктерді Қазақстан мен Ресей азаматтарына немесе резиденттеріне беруге тыйым салынған.

Бұдан бөлек, Армения мен Қырғызстанда гибридті көліктерге қатысты қосымша шектеу бар: мұндай автокөліктерді Беларусь азаматтарына және тұрақты тұрғындарына беруге болмайды.