Munarmedia.kz 24.09.2025 / Астана / Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясындағы жалпы пікірталастарда сөз сөйлеп, Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік, халықаралық институттарды реформалау және тұрақты даму мәселелеріне қатысты көзқарасын ұсынды. Бұл туралы DKNews.kz хабарлайды.
БҰҰ мен Қауіпсіздік Кеңесін реформалау
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта көпжақты институттарға деген сенім дағдарысқа ұшырағанын атап өтіп, түбегейлі өзгерістердің қажеттігін баса айтты:
«Біріккен Ұлттар Ұйымын жан-жақты реформалау – стратегиялық қажеттілік. Бұл мәселе шексіз ой толғау емес, нақты іс-қимылдың тақырыбына айналуы тиіс», – деді Тоқаев.
Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау мәселесіне ерекше тоқталды:
«Азия, Африка және Латын Америкасының ірі мемлекеттері Қауіпсіздік Кеңесінде ротациялық негізде өкілдікке ие болуы қажет. Қазақстан сондай-ақ жауапты орта державалардың да дауысы күшейтілуі тиіс деп есептейді», – деді Президент.
Бейбітшілік пен қауіпсіздік
Тоқаев жаһандық қауіпсіздік архитектурасын қайта құру қажеттігін атап өтті. Ол әскери шығындардың көлемі мен зорлық-зомбылықтың адамзатқа тигізіп отырған орасан салдарын тілге тиек етті:
«2024 жылы әлемдік әскери шығындар рекордтық 2,7 триллион долларға жетті. Ал зорлық-зомбылық адамзатқа шамамен 20 триллион долларға шығын келтіріп отыр», – деді ол.
Президент ядролық державалар арасында диалогты қайта бастауға шақырып, Қазақстанның осы бағыттағы келіссөздерге алаң ұсынуға дайын екенін мәлімдеді:
«Қазақстан ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселелері бойынша жаңа диалог өткізуге дайын», – деді Мемлекет басшысы.
Қақтығыстар мен дипломатия
Тоқаев Украинадағы дағдарыс пен Газа секторындағы гуманитарлық апатқа алаңдаушылық білдіріп, саяси икемділік пен дипломатиялық шешімдерге басымдық беру қажеттігін атап өтті:
«Бұл ұстанымға сүйене отырып, Қазақстан үнемі эскалацияның орнына дипломатияны, күш көрсетудің орнына диалогты қолдайды», – деді ол.
Президент сондай-ақ Әзербайжан мен Армения арасындағы қатынастардың қалыпқа келуіне қатысты оң үрдісті атап өтті:
«Ұзаққа созылған дауларды да дипломатиялық жолмен шешуге болатынын дәлелдейтін мысал», – деді Тоқаев.
Орталық Азия және инвестициялық әлеует
Тоқаев Орталық Азияның жаһандық ынтымақтастық алаңына айналып келе жатқанын атап өтті:
«Орталық Азияның бес мемлекеті өңірлік ынтымақтастықты нығайта отырып, бұл аймақтың дамуы мен қауіпсіздігі үшін шынайы серіктестік күшке айналып отырғанын көрсетіп отыр», – деді ол.
Президент Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына да тоқталып өтті:
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан 400 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетел инвестициясын тартты. Біз „Бір белдеу, бір жол“, „Солтүстік–Оңтүстік“ және Транскаспий дәліздерін қоса алғанда, транзиттік маршруттарды дамытуға ниеттіміз», – деді Мемлекет басшысы.
Климат және экология
Президент климаттық өзгерістердің Орталық Азияға айрықша қауіп төндіріп отырғанын мәлімдеді:
«Орталық Азия жаһандық орташа көрсеткіштен екі есе жылдам жылынуда. Алатау мұздықтарының еруі – су және азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіруде», – деп ескертті ол.
Тоқаев Арал теңізін құтқару мен Каспийді қорғау бағытындағы Қазақстанның бастамаларын атап өтіп, БҰҰ Бас Ассамблеясына 22 сәуірді Жер планетасын көгалдандырудың халықаралық күні ретінде жариялау туралы қарар қабылдауды ұсынды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму
Мемлекет басшысы цифрландыруды Қазақстан үшін стратегиялық басымдық деп атады:
«Біздің стратегиялық мақсатымыз – үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық державаға айналдыру», – деді Тоқаев.
Ол ұлттық суперкомпьютердің іске қосылғанын және жасанды интеллектті кең көлемде енгізу басталғанын мәлімдеді. Сонымен бірге, жаңа технологияларға этикалық және әділетті қолжетімділіктің маңыздылығын атап өтті.
Саяси және экономикалық реформалар
Президент соңғы үш жылда Қазақстанда өңірде бұрын-соңды болмаған саяси және экономикалық реформалар жүргізілгенін атап өтті:
«Бір реттік 7 жылдық президенттік мерзім енгізілді. Біз саяси жүйені жаңғырту бағытын жалғастырып келеміз», – деді Тоқаев.
Ол Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде ұстанатын қағидатты да нақты атады:
«Біз „Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет“ формуласын ұстанамыз», – деді ол.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның бейбітшілік пен ынтымақтастықты басты құндылық ретінде таңдайтынын қадап айтты:
«Біздің таңдауымыз – үстемдік емес, тепе-теңдік; қақтығыс емес, ынтымақтастық; соғыс емес, бейбітшілік. Біз БҰҰ-ны – бейбітшілік, әділет және серіктестіктің шамшырағы ретінде нығайта беруіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.