Қару-жарақ зауытының іске қосылуын Минпром шенеуніктері бөгеді

126

Munarmedia.kz 24.06.2025 /Астана/-Индустрия және құрылыс министрлігінің бейінді департаменті инвестициялық жобаны келісу мерзімін созып жібергені үшін жауапқа тартылды. Нақтырақ айтқанда, қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техника өндіруге бағытталған жобаның іске асуына кедергі келтірілген.

«Orda.kz» дерегінше, бұл жағдайдан отандық инвестор – "SP Kaztechnology" ЖШС зардап шеккен.

— Келіссөз комиссиясын құруға 15 күннің орнына 47 күн кеткен. Сонымен қатар, салалық қорытындыны беру тоғыз жұмыс күніне кешіктірілген. Жалпы алғанда, өтінім заңда белгіленген мерзімнен ұзағырақ қаралған, — деп хабарлады Бас прокуратура.

SP Kaztechnology компаниясының құрылтайшылары үшеу:

▪️ "Kaztechnology" АҚ – бұл мемлекеттік компания Арыстағы қоймалардан алынған оқ-дәрілерді жоюмен айналысқан. 2022 жылғы наурызда ол бір тонна тротилді электрондық сауда алаңына бар болғаны 26 мың теңгеге шығарған. Жарылғыш затты «қауіпсіз» деп көрсеткен.

▪️ "Astana MPR Project" ЖШС – 2022 жылы түріктің Otokar компаниясымен меморандумға қол қойған. Ол Қазақстан армиясына Cobra-II бронемашиналарының 200 данаға дейінгі көлемін ұсынған. Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының есебінше, әрбір түрік техникасы қазақстандық балама – «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» өнімінен 100–120 млн теңгеге қымбатқа түседі.

▪️ Марат Есімсейітов – Солтүстік Қазақстаннан шыққан кәсіпкер, 2004 жылдан бері TransTechMash тобын дамытып келеді. Қазір оның құрылымы Otokar компаниясымен бірлесе отырып, Киров атындағы зауытты жаңғырту жобасына қатысып жатыр. Бұл кәсіпорында бронетехника шығару және қызмет көрсету жоспарланып отыр.

Фото: Freepik