Қазақстан Ішкі істер министрлігі елдегі уақытша ұстау изоляторларында (ИВС) жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы ИВС-те режимді сақтау қатаң бақылауға алынып, бейнебақылау шаралары күшейтілді.
Бұл шараларға әлеуметтік желілерде тараған даулы видео себеп болды. Онда Еңбекшіқазақ ауданындағы ИВС-те кісі өлтіру ісі бойынша күдіктілердің бірі туған күнін атап өтіп, торт жегені, телефон пайдаланғаны және «ақылды» колонка арқылы музыка тыңдағаны көрінеді. Бұл жайт қоғамда үлкен резонанс туғызды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, «ИВС-тегі туған күн» ісіне байланысты қылмыстық іс қозғалған. Жалпы 16 қызметкер, соның ішінде изолятор басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, кейбірі қызметінен босатылды. Тексеру нәтижесінде видеоны қызметтік мүддеге қайшы әрекет жасаған бұрынғы ИВС қызметкері жеке телефонына түсіргені анықталды. «Ол қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмыстан теріс себептермен босатылып, арнайы атағынан айырылды», — деп хабарлады министрлік.
Алматы облысында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты тергеу жалғасып жатыр. Қайғылы оқиға 2024 жылдың 3 қазанында Талғар қаласындағы «Камажайя» дүкенінде жаппай төбелес кезінде болған. Төбелеске қару қолданылғаны анықталған. Қазіргі деректер бойынша, бұл қылмысқа 11 адамның қатысы бар деген күдікке ілінсе, олардың жетеуі қамауға алынған. Жасөспірімнің өлімінен бірнеше күн өткен соң белгісіз біреулер марқұмның туыстарының үйін өртеп жіберген. Даулы іс тергелу барысында өңірдегі бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер мен полиция басшылары қызметінен босатылды.