Munarmedia.kz 02.07.2025 жыл / АСТАНА/-Қазақстанда заңсыз иемделген мүлікті мемлекетке қайтару жөніндегі заң күшіне енгеннен бері Арнайы мемлекеттік қорға 100 миллиард теңгеден астам қаражат түсті. Бұл қаражаттар мектептер, ауруханалар, су құбырлары мен өзге де халықтың күнделікті өміріне қажет әлеуметтік нысандардың құрылысына бағытталуда. Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлады.
Қайтарылған ақшалай қаражат тікелей Арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Ал өзге мүліктер (жылжымайтын мүлік, көлік, т.б.) Қайтарылған активтерді басқару компаниясының (ҚАБК) құзырына өтеді және олар сатылымға шығарылады. 2025 жылғы 27 маусымдағы жағдай бойынша Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат көлемі 103,4 млрд теңгеге жеткен. Ал жалпы кіріс көлемі 433,3 млрд теңге болса, шығыстар – 329,9 млрд теңгені құраған.
Тарихи-мәдени маңызы бар құнды артефактілер – темір дәуірі мен ортағасыр кезеңдеріне жататын жәдігерлер – ҚАБК тарапынан Ұлттық музейге тапсырылды. Ал сатылған активтерден мемлекетке 34 млрд теңге пайда түскен. Бұл сома 48 нысанның сатылымынан түскен кіріс есебінен қалыптасты.
Арнайы қор қаржысы 406 әлеуметтік жобаны қаржыландыруға бағытталды. Жалпы сомасы – 318,1 млрд теңге. Оның ішінде су тарту жобаларына – 230 нысанға 160,6 млрд теңге, ал денсаулық сақтау саласына – 162 жобаға 100,4 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар білім беру саласына – 10 жобаға 24 млрд теңге, спорт саласына – төрт жобаға 33,1 млрд теңге қарастырылған.
2025 жылғы 13 маусымда өткен Республикалық бюджеттік комиссия отырысында жалпы сомасы 80 млрд теңгеден асатын 73 жаңа жоба мақұлданды. Оның ішінде 63 жоба Индустрия және құрылыс министрлігі желісімен іске аспақ. Бұл жобалар қалалар мен ауылдарда су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Абай, Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және өзге де облыстарда 50-ден астам су нысаны жаңғыртылады.
Сонымен бірге, Су ресурстары және ирригация министрлігі Түркістан, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын жаңғырту және салу бойынша құны 30 млрд теңгеге жуықтайтын сегіз жобаны жүзеге асыруға келісім алды.
Бұған қоса, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Арқалық қаласындағы бір ғимаратты қайта жөндеу жобасы (1,9 млрд теңге) және Туризм және спорт министрлігінің Көкшетауда көпфункциялы спорт кешенін салу жобасы (12,6 млрд теңге) мақұлданды.
Munarmedia.kz
02.07.2025 / АСТАНА