Munarmedia.kz | 30.08.2026 | ASTANA Өзбекстанда Ихтиёржон Бекжоновтың отбасында бірден бес сәби дүниеге келді. Бұған дейін екі қыз тәрбиелеп отырған отбасы 6 шілдеде екі ұл мен үш қыздың ата-анасы атанды.
Көпбалалы әке бес сәбидің дүниеге келетінін естігендегі алғашқы әсерін айтып берді.
«Күтпеген жағдай болды. Не болып жатқанын бірден түсіне алмадым. Кейін жылап жібердім», — дейді Ихтиёржон Бекжонов.
Дәрігерлер нақты диагнозды кейін қойған
Жүктіліктің алғашқы кезеңінде дәрігерлер үшем немесе төртем болуы мүмкін екенін айтқан. Кейін медициналық тексеру нәтижесінде отбасында бес сәби дүниеге келетіні анықталған.
Сәбилер 6 шілдеде жүктіліктің 31 аптасы мен 5 күнінде дүниеге келген.
Шала туған нәрестелер дәрігерлердің бақылауында болған. Төрт сәби кейін үйіне шығарылғанымен, ең кішкентай қыздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Ол небәрі 10 күн өмір сүрген.
Қазір отбасы төрт сәбиін бағып отыр.
Отбасына жергілікті билік пен демеушілер көмектесуде
Отбасында тұрақты жұмыс істейтін жалғыз адам — әкесі. Бес баланың қатар дүниеге келуі отбасының әлеуметтік жағдайына түсетін салмақты арттырған.
Осыған байланысты отбасыға демеушілер мен жергілікті билік тарапынан көмек көрсетілген. Оларға балалар арбалары мен бесік беріліп, сондай-ақ 10 млн сум көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.
Қазір бір аулада төрт отбасы бірге тұрады. Үй орналасқан жер телімінің көлемі небәрі 3 сотық.
Отбасының баспаналық жағдайына алаңдаған әжесі билік өкілдерінен көпбалалы жанұяға жеке пәтер беруді сұрап отыр.
«Бес баланың қатар дүниеге келуі — үлкен қуанышпен бірге үлкен жауапкершілік. Балалардың жағдайы жақсы болуы үшін отбасыға тұрақты баспана қажет», — дейді жақындары.
Отбасы қазіргі уақытта төрт сәбидің денсаулығына және күнделікті күтіміне барынша көңіл бөліп отыр.
#Бесем #КөпбалалыОтбасы #Сәби #Отбасы #Балалар #АнаМенБала #ӘлеуметтікКөмек #Баспана #Өзбекстан #Munarmedia #ASTANA