Munarmedia.kz.23.07.2025 ж. /Астана/-Чолпон-Атада өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы «Мейкин Азия» халықаралық фестивалі салтанатты түрде жабылды. Ауқымды мәдени шараның ең жарқын сәттерінің бірі — қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге Қырғыз Республикасының Халық әртісі атағының табысталуы болды.
Мәртебелі марапатты Димашқа Қырғызстанның мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов табыстады.
🎤 Қырғыз елінің ең жоғары мәдени атағын иеленген Димаш Құдайберген — осылайша Орталық Азиядағы беделін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жанкүйерлер бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдап, әлеуметтік желілерде құттықтауларын қарша боратып жатыр.
Әншінің анасы, мәдениет саласының қайраткері Светлана Айтбаева әлеуметтік желіде өз алғысын білдірді:
«Димаш — Қырғыз Республикасының Халық әртісі. Құттықтаймын! Мың алғыс, қырғыз бауырлар! Құдайым, шүкір саған мейірің мен берекең үшін!» – деп жазды ол.
🌍 Әлемнің түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп жүрген Димаш Құдайберген соңғы жылдары тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі жұрты мен Азия халықтарының мақтанышына айналды. Оның шығармашылығы мәдениеттер арасындағы көпірге айналып, жастарды бірлікке, рухани биіктікке жетелеуде.
Қырғызстан берген бұл атақ – Димаштың Орталық Азия кеңістігіндегі мәдени ықпалының, ән мен рухты ұштастырған өнерінің тағы бір мойындалуы.
Munarmedia.kz тілшісі