Munarmedia.kz 27.12.2025 /Астана/ – Оңтүстік Кореяның бұрынғы президентіне қатысты сот ісінде прокурор 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Сеулдің Орталық аудандық сотында жұма күні өткен қорытынды тыңдауда арнайы прокурор Чо Ын Соктың командасы экс-президент Юн Сок Ёльді әділ сот төрелігіне кедергі келтірді деген айып бойынша 10 жылға түрмеге қамауды талап етті. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.
Айыптау тарапының мәліметінше, бұрынғы мемлекет басшысы қаңтар айында тергеу барысына әдейі тосқауыл қойған. Атап айтқанда, ол тергеушілердің өзін ұстауына жол бермеген, сондай-ақ әскери жағдай енгізу жоспарын қарау үшін отырысқа шақырылмаған Министрлер кабинетінің тоғыз мүшесінің құқықтарын бұзған деп айыпталуда.
Қорғау тарапы бұл айып бойынша үкімді бүлік ұйымдастыруға қатысты негізгі сот процесі аяқталғаннан кейін, яғни ақпан айында шығару қажет екенін алға тартты. Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырмады. Қазіргі уақытта экс-президентке қатысты төрт бірдей сот ісі қаралуда.
Әділ сот төрелігіне кедергі келтіру ісі бойынша процесс бірінші болып аяқталады. Үкім 16 қаңтарға, яғни қамау мерзімі аяқталуына екі күн қалғанда жарияланады деп күтілуде, деп жазады kommersant.ru.