Munarmedia.kz 05.11.2025 /Астана/-Дәл жүз жыл бұрын Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілін оқытудағы ең үлкен мәселені дәл сипаттап кеткен еді:
«Қазақша оқытуда кемшіліктер көп. Қазақ мектебіне арналған нақты бағдарлама жоқ. Онсыз оқу ісі жөнге түспейді».
Өкінішке қарай, ғасыр өтсе де, сол түйткілдің мазмұны өзгермегендей. Бүгінде Сенат депутаттары да осыны айтып отыр: мемлекеттік тілді оқыту сапасы әлі де төмен деңгейде қалып отыр.
Депутаттардың сауалында көрсетілгендей, қазақ тілін оқыту жүйесінде сабақтастық жоқ. Балабақшада тілдік дағды қалыптаспайды, мектепте грамматика басым, ал жоғары оқу орнында бағдарлама көбіне формалды сипатта.
Соның салдарынан бала мектепке келгенде қазақша еркін сөйлей алмайды, ал мектеп бітірген соң ойды жүйелі жеткізу дағдысын қалыптастырмай шығады. Университетке түскенде де пән «галочка үшін» оқытылады — бірізділік пен мақсаттылық жоқ.
Парадокс мынада: бүгінде бірінші сынып оқушыларының 70%-ы қазақ тілінде білім алады, түлектердің 80%-ы ҰБТ-ны қазақша тапсырады, ал мемлекеттік құжат айналымының басым бөлігі де қазақ тілінде жүреді. Бірақ PISA зерттеуіне сәйкес, қазақ мектептеріндегі оқушылардың 64%-ы оқыған мәтінді еркін мазмұндай алмайды.
Қазақ тілін оқыту көбіне ережелер мен теорияға сүйенеді. Жан дүниесі бар тірі тілдің орнына оқушыға «құрғақ» грамматика ұсынылады. Авторлық мектеп директоры Алмас Сапарғалиевтің мысалы бұл мәселені айқын көрсетеді:
«Ұлымның кітабындағы бір мәтінді өзім де түсініп, толық қайта айтып бере алмадым. Бір сөйлем үш-төрт жолға созылады, соңына жеткенде басындағы ой ұмытылады».
Мұндай күрделі құрылымдар мен терминология балада сөйлеу емес, жаттап алу дағдысын дамытады. Ал бағалау жүйесі (СОЧ, СОР) да сөйлеу мен ойды жеткізу емес, грамматикалық тесттерге негізделген.
Университеттерде қазақ тілін оқыту көлемі мен мазмұны оқу орнының өзіне байланысты. Бірінде толық филологиялық курс болса, екіншісінде екі семестрлік шартты пән ғана. Біртұтас мемлекеттік бағдарлама жоқ.
Сонымен бірге, инженер, экономист немесе заңгер секілді мамандықтарда қазақ тілі кәсіби пән ретінде қарастырылмайды. Ал дәл осы мамандар – заманауи ғылыми, экономикалық және құқықтық терминологияны қалыптастыратын негізгі күш болуы тиіс.
Мемлекет тіл саясатына қомақты қаражат бөліп келеді – жыл сайын орта есеппен 2,8 млрд теңге. Бірақ бұл қаржының едәуір бөлігі нақты сабаққа емес, жанама жобаларға жұмсалады.
-
40% – цифрлық жобаларға: Tilqural.kz, Qazcorpus.kz, Termincom.kz секілді платформаларға;
-
30% – ересектер мен мемлекеттік қызметшілерге арналған курстарға;
-
20% – оқулықтар мен мұғалімдердің біліктілігін арттыруға;
-
Қалған бөлігі – әкімшілік және PR шығындарына.
Яғни жыл сайынғы үш миллиард теңгенің шамамен 300–400 миллионы ғана тікелей мұғалімдер даярлауға бағытталады. Қалған қаражат тілдің интернеттегі имиджін күшейтеді, бірақ сыныптағы сапаға әсер етпейді.
Соңғы жылдары қазақ тілінің цифрлық көрінісі күшейді: онлайн-курстар, сөздіктер, аудио жүйелер мен мультфильмдер пайда болды. Бірақ бұл — тілдің «сандық витринасы». Яғни тіл интернетте бар, ал оқыту жүйесінде – әлсіз.
Тіл өмір сүріп тұрған қоғамда емес, оны үйретуі тиіс мектептің өзінде әлсіз болса, бұл – құрылымдық дағдарыстың белгісі.
Қазақ тілін дамытуда басты ресурс – қаржы емес, педагогикалық көзқарас. Тілді үйрету формальды пән емес, тұлға қалыптастыру құралына айналуы тиіс.
Проблема ақшада емес, әдістемеде. Мемлекет тілді дамытудың сәттілігін жобалардың саны мен пайызбен емес, бала еркін сөйлей бастаған сәтпен өлшеуі керек.
Педагогикалық философия өзгермейінше, біз жаңа платформалар мен корпустарды жасай береміз, бірақ сол тілде еркін сөйлейтін ұрпақты қалыптастыра алмаймыз.