Munarmedia.kz 11.12.2025 жыл /Астана/
Санкт-Петербургте қоғамдық резонанс тудырған оқиғаға қатысы бар Қазақстан азаматы Нұрлан Әкінжановқа қатысты сот шешімі шықты. Ленин ауданының соты оны Ресей Қарулы күштерін «дискредитациялады» деген айыппен 30 мың рубль айыппұл төлеуге міндеттеді.
Оқиға 30 қарашада орын алған. Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Нұрлан Әкінжанов «Шок» радиостанциясының тікелей эфиріне баса-көктеп кіріп, өзін жарылғыш зат бар адам ретінде көрсетіп, студия қызметкерлеріне қауіп төндірген. Ол эфир барысында «Мәскеуге атом бомбасын тастау» және «СВО-ны тоқтату» туралы талаптар айқайлаған. Кейін тексеру оның жанында ешқандай жарылғыш құрылғы болмағанын анықтады.
Бұл — Әкінжановтың алғашқы әрекеті емес. Бұған дейін, қазан айында ол Санкт-Петербургтегі «Питер FM» радиостанциясының эфиріне дәл осындай тәсілмен кіріп, «пацифистік ұрандар» көтергені үшін ұсталған болатын. Сол жолы құқық қорғау органдары оны қамауға алғанмен, кейін босатып жіберді.
Ресей билігі бұл жолғы оқиғадан кейін Әкінжановты Қазақстанға депортациялағанын хабарлады.
«78.ru» порталының мәліметінше, Нұрлан Әкінжанов психоневрологиялық диспансерде есепте тұрады және тұрақты түрде психиатрдың бақылауында болған. Ол бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарына іліккен, алайда денсаулық жағдайына байланысты бостандықта жүрген.
Әкінжановқа қатысты жағдай ресейлік ақпарат алаңында кең талқыланып, мигранттар мәселесі мен қоғамдық қауіпсіздік тақырыбына қайтадан назар аудартты.