Munarmedia.kz /Астана/ 9 шілде 2025 жыл-Қарашығанақ кен орнында салынады деп жоспарланған жаңа газ өңдеу зауыты (ГӨЗ) тағы да тығырыққа тірелді. Жобаның бастапқы шарты мен бюджетін күрт өзгерткен халықаралық мұнай алпауыттары Eni мен Shell-мен Қазақстан үкіметі әріптестікті доғаруға мәжбүр болды. Енді бұл маңызды инфрақұрылымдық нысанның құрылысы толығымен ұлттық компания — «ҚазМұнайГаздың» (ҚМГ) иелігіне берілмек.
Eni мен Shell басқаратын инвесторлар консорциумы зауыт құнын бастапқы 3,5 миллиард доллардан 6 миллиард долларға дейін көтеріп, іске қосу мерзімін 2028 жылдан 2030 жылға шегерген. Бұған қоса, олар Қазақстан үкіметінен жобаның 17%-ын, яғни шамамен 1 миллиард долларды қаржыландыруды талап еткен.
Қазақстанның Энергетика министрлігі бұл талаптарды «ұлттық мүддеге қайшы және экономикалық жағынан орынсыз» деп атап өтті. Әсіресе, инвесторлардың арбитраждық дауларды жаңа зауыттың құрылысымен байланыстыру әрекеті «қатаң түрде қабылданбайтын» шарт ретінде бағаланды.
Министрліктің мәлімдеуінше, жоба енді мемлекет үшін экономикалық жағынан тиімді әрі әділетті негізде жүзеге асырылуы тиіс. Осы мақсатта жаңа ГӨЗ құрылысы ҚМГ-нің қолына өтпек. Бұл шешім мемлекетке жобаны толық бақылауда ұстауға және ұлттық ресурсты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұрынғы мердігер — Hyundai Engineering мен италиялық Sicim консорциумы жобалаушы және құрылыс жүргізуші EPC-подрядшы ретінде қала беруі мүмкін. Олар зауытты 3,5 миллиард долларға салып беруге дайын екенін мәлімдеген.
Энергетика министрлігі зауыт құрылысы жоғары мемлекеттік басымдыққа ие екенін айта келе, жобаны қаржыландыруда тапшылық болмайтынын мәлімдеді. Қаржыландыру көзі ретінде ҚМГ-нің өз қаражаты және сырттан несие тарту нұсқалары қарастырылуда.
Қарашығанақ газконденсат кен орнын бірлескен кәсіпорын — «Карашығанак Петролеум Оперейтинг» (КПО) басқарады. Оның үлестік құрылымы келесідей: Eni мен Shell — әрқайсысы 29,25%, Chevron — 18%, Лукойл — 13,5%, ал ҚазМұнайГаз — 10%. Shell және Eni — жоба операторлары.
Мұнда жыл сайын шамамен 23 млрд текше метр газ өндіріледі, оның 59%-ы қайтадан жер қойнауына айдалады, ал қалғаны Ресейдің Орынбор ГӨЗ-на жіберіледі. Алайда, бұл зауыттың техникалық тозуы мен жиі жөндеуге жабылуы Қазақстанды ішкі өңдеу қуатын шұғыл арттыруға мәжбүрлеп отыр.
2022 жылы зауыт тоқтап қалғанда тараптар Карачаганақта жаңа ГӨЗ салуға уағдаласқан. Бірақ енді бұл жобаның бүкіл салмағы республиканың иығына түсіп отыр.
PACE Analytics директоры Асқар Исмаилов жобаның құны шын мәнінде неге өскенін түсіндіреді:
«Eni мен Shell бастапқыда Hyundai ұсынған 3,5 млрд долларлық сметаны да тым жоғары деп есептеген. Олардың өздері жобаның шынайы бағасын 2,8 млрд долларға бағалағаны бар. Ал енді бұл компаниялар жобаның құнын 6 млрд долларға дейін көтеріп отыр деген — логикалық қайшылық».
Исмаиловтың айтуынша, ГӨЗ құрылысы мұнай зауыттарымен салыстырғанда анағұрлым қарапайым әрі қауіпсіз. Сондықтан 4–5 млрд текше метр газ өңдеуге қабілетті жаңа зауыттың шекті нарықтық құны — 3 млрд доллардан аспауы тиіс. Мұндай жобаны іске асыруда шығынды 6 млрд долларға жеткізу – жасанды бағалау деп есептейді ол.
Сарапшы ҚМГ-нің мұндай күрделі жобаны өзі атқаруы дұрыс шешім емес деп есептейді. Себебі компания газ химиясы мен газ өңдеуден гөрі, шикі мұнай өндіруге маманданған. Бұған «Полипропилен» жобасындағы сәтсіздік пен «Полиэтилен» жобасының ұзаққа созылғандығы дәлел.
«Модернизацияланған үш ірі мұнай өңдеу зауытының құны $3,5 млрд-тан $7 млрд-қа дейін өсіп кеткенін ескерсек, ҚМГ басқаратын жобадан үлкен үміт күту – орынсыз. Бұл жолы да дәл сондай қымбаттап кету қаупі жоғары», – дейді сарапшы.
Исмаилов Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған басқа да ГӨЗ-дердің қуатын толық пайдалану арқылы ішкі нарықты газбен қамтамасыз етуге болатынын айтады. Мысалы, Боранқұл ГӨЗ немесе Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарындағы басқа зауыттарды қайта іске қосу тиімді болуы мүмкін.
Болжам бойынша, бұл зауыттар қосымша 10 млрд текше метрге дейін тауарлық газ өндіруге қабілетті. Бұл тәсіл әлдеқайда арзан әрі жедел шешім болар еді.
«Ресейлік газ алдағы уақытта Қазақстан үшін қолжетімсіз болуы мүмкін. Ямал-Ненец автономиялық округіндегі газ қоры 75% сарқылған. Сондықтан дербес әрекет ететін кез келді», – дейді сарапшы.
Munarmedia.kz жобаның одан арғы тағдырына мониторинг жүргізіп, билік пен ұлттық компаниялардың шешімдеріне сараптамалық талдау жасауды жалғастырады. Қарашығанақ — ел экономикасының стратегиялық активі. Сондықтан оның болашағы тек коммерциялық емес, саяси шешімдерге де тәуелді.