Еуропалық одақ Ресейге көмектесті деген күдікпен Орталық Азия елдеріндегі бірқатар компанияларға жаңа санкциялар енгізді. Бұл жолы санкциялық тізімге Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстанның логистикалық және сауда ұйымдары кірген. Атап айтқанда, Trade Engine System, Alfa Beta Creative, GFK Logistics Asia және UZSTANEX сынды өзбек компаниялары шектеуге ұшырады.
ЕО бұл компаниялар Ресейге санкциялық тауарларды жеткізуге көмектесті деп болжайды. Алайда бұл шешім соттың немесе нақты дәлелдің негізінде емес, күдік деңгейінде қабылданған. Сарапшылардың айтуынша, бұл Еуроодақ тарапынан аймаққа жасалған саяси қысымның бір түрі.
Кінәлілер кім? Кім жазаланады?
Ең қызығы – Еуроодақтың өз сараптамасына сәйкес, Ресейге тыйым салынған тауарлар көбіне Қытай арқылы өтуде. КНР-дың үлесіне бұл бағыттағы бұзушылықтардың 80 пайызы тиесілі. Оның ішінде Еуроодақтың өз компаниялары да тікелей қатысқан жағдайлар бар.
Соған қарамастан, нақты дәлелсіз Орталық Азия елдеріндегі шағын және орта бизнес нысандары санкцияға ілігіп отыр. Бұл шешім аймақтағы кәсіпкерлердің наразылығын тудыруда.
«Біз – тәуелсіз аймақпыз, вассал емеспіз»
Көптеген сарапшылар мен қоғам белсенділері бұл әрекеттерді геосаяси қысым деп бағалауда. Еуроодақтың аймақ елдерінен өз сыртқы саяси мүдделеріне бағынуды талап етуі – олардың экономикалық тәуелсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін.
«Бұл аймақ – Еуропаның шеткері аймағы емес, өзінің мүдделері мен ұстанымдары бар тәуелсіз өңір. Бізге Мәскеу мен Брюссель арасында таңдау қоюдың қажеті жоқ. Біздің таңдау – өзіміз», – дейді қазақстандық саясаттанушы Арман Есмағамбетов.
Қазіргі жағдайда Орталық Азия елдері өз ұлттық мүдделерін қорғау мен көпвекторлы саясатты сақтау арасында күрделі тепе-теңдікті сақтауға мәжбүр. Ал Еуроодақтың санкциялық саясаты бұл тепе-теңдікті бұзуы мүмкін.