Munarmedia.kz.01.07.2025 /Астана/-Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі Қазақстан кәсіпкерлеріне арнап британдық санкцияларды сақтау жөніндегі нұсқаулық жариялады. Inbusiness.kz хабарлауынша, құжатта қатаң ескерту мен шектеу шаралары ашық көрсетілген.
Атап айтқанда, санкциялар тек Ресеймен емес, Беларусьпен және тағы 21 елмен жұмыс істейтін компанияларға да әсер етуі мүмкін. Лондон үшін ең үлкен қауіп – британдық тауарлардың Ресейге қайта экспортталуы немесе ресейлік өнімдердің Ұлыбритания аумағына заңсыз жеткізілуі.
«Ұлыбританиядан жеткізушілер сізді жоғары тәуекел көзі ретінде қарастыруы мүмкін. Егер сіз британ санкцияларының талаптарын ескермесеңіз, бизнесіңізге әсер етуі ықтимал», – делінген құжатта.
Британия билігі санкцияларды айналып өтпек болған қазақстандық компанияларға инвестициялар мен технологиялық жабдықтар жеткізуден бас тартуы, сондай-ақ сақтандыру, төлем, валюта операциялары мен қаржылық қызметтерді шектеуі мүмкін екенін ескертті.
Сондай-ақ, қазақстандық банктерге де арнайы үндеу жасалған. Онда қаржы институттары ақшаны жылыстатуға қарсы ережелер мен валюталық бақылауды бұлжытпай орындауға міндетті екені, ал іс жүзінде бұл Ресеймен байланысты кез келген бизнес үшін қиындық тудыруы мүмкін екені айтылған.
Ұлыбритания бұл шараларды «Үлкен жетілік» елдерімен бірге санкцияны айналып өтуге қарсы күрес аясында қабылдағанын атап өтеді.
Алайда, бұған қарсы пікірлер де жоқ емес. Бұған дейін «Азиялық Экспресс» арнасы:
«Ұлыбритания санкцияны желеу етіп, Орталық Азия экономикасын тұншықтырып отыр. Тәуелсіз елдерге өз экономикалық диктатын таңып, оларды халықаралық нарықтан шеттетіп жатыр», – деп мәлімдеген.
Олардың айтуынша, Британия сырттай аймақты қолдаймыз десе де, нақты істері экономикаға қарсы жарияланбаған соғысқа айналып отыр. Себебі санкциялық тізімге көбіне ешқандай заң бұзбаған, ашық және заңды саудамен айналысатын компаниялар түседі.
Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдері сыртқы саяси дербестігін сақтап қалғысы келсе, санкцияны қысым құралына айналдырмайтын серіктестермен ынтымақтастықты күшейтуі керек.