Блогер Әділетхан Молдахан 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды

13

 

Munarmedia.kz. 15.07.2026. ASTANA – Алматы қаласының соты блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханды жалған ақпарат таратты деп танып, оны 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Сот шешіміне сәйкес, оған жазасын өтегеннен кейін 5 жыл бойы қоғамдық және публицистикалық қызметпен айналысуға да тыйым салынды.

Әділетхан Молдахан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабының 3-бөлігі («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша кінәлі деп танылды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, блогер 30 наурызда ұсталған. Бұған дейін Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасынан кейін ол әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, онда ықпалды кәсіпкерлердің балаларына жоғары лауазымды полиция қызметкерлері қолдау көрсетті деген болжам айтқан. Алайда бұл мәлімдемелерін растайтын нақты дәлелдер келтірмеген.

Соған қарамастан, аталған бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, шамамен 7 миллион қаралым жинаған.

Іс бойынша жәбірленуші ретінде Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен Әкімшілік полиция басқармасының экс-басшысы Серік Шұмаев танылды. Олар әрқайсысы 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы және 1 миллион теңге сот шығындарын өндіруді сұраған.

Сот барысында Әділетхан Молдахан алғашқы отырыстың өзінде кінәсін мойындаған. Қорғаушы тарап бұлтартпау шарасын өзгертуді және істі жеңілдетілген тәртіппен қарауды сұрағанымен, сот оны қамауда қалдырды.

Сондай-ақ сотта үш жыл бұрын Әділетхан Молдаханның тонау дерегі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға шартты түрде сотталғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, оның бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарғаны, алайда теріс себептермен жұмыстан шығарылғаны айтылды.

Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және оған заңда белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

#Munarmedia #ASTANA #ӘділетханМолдахан #Сот #Үкім #Алматы #Заң #Құқық #Қазақстан