Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Баяжума Асылбек. Ресей Йемендегі дауға не үшін араласты?

40



Шығыс аспанында қара бұлт үйірілгеніне он жылдан асты. Йемендегі азаматтық соғыс талай тағдырды тәлкекке салып, елдің өзегін күйретті. Бейбіт күннің нышаны қалмаған өңірде тек мүдделердің майданы ғана қалған. Сауд Арабиясы мен Иран, АҚШ пен Біріккен Араб Әмірліктері, енді міне, Ресей де сол алаңға өз көзқарасын, өз есебін ала кірді.

Йемен жерінде бүгінде үш түрлі күш билікке таласып отыр. Бірі – халықаралық қауымдастық мойындаған, бірақ шет елдің астанасында жүрген үкімет. Екіншісі – Иранның демеуіндегі хуситтер, яғни «Ансар Аллах» қозғалысы. Үшіншісі – Оңтүстік өткелдік кеңес, Аденге иелік етіп, дербес мемлекетті аңсайтын топ.

Хуситтердің соғыс техникасы мен рухани үні Ираннан келсе, ресми билік Саудия мен АҚШ-тың қолдауына иек артады. Оңтүстіктегі сепаратистерді Біріккен Араб Әмірліктері арқадан қағып отыр. Қысқасы, бұл қақтығыс – жай жергілікті соғыс емес, Таяу Шығыстың тамырында тулап жатқан геосаяси дүмпу.

Кремль көпке дейін бейтарап кейіп танытып келді. Бірақ соңғы бір-екі жылда Йемендегі хуситтермен тым жақындасып кеткені байқалады. Ресейлік дипломаттар олармен келіссөз жүргізіп қана қоймай, әскери кеңесшілерін Санаға жіберіп, кей деректерге сүйенсек, тіпті қару-жарақпен де қамтамасыз етіп отырған сыңайлы.

Неге бұлай? Себебі Мәскеу үшін хуситтер – Батысқа қолайсыз ойыншылар. Қызыл теңіз арқылы өтетін кеме жолдарын атқылап, халықаралық саудаға қауіп төндіруі арқылы олар Батыстың назарын Украинадан бұрып әкетуде. Ресейге дәл қазір ең керегі — жау назарын басқа жаққа бұру. Осы жағынан алғанда, хуситтер – Кремльдің Таяу Шығыстағы одақтастарына айналып барады.

Йеменнің ресми билігі Ресейден гуманитарлық көмек күтті. Бірақ Мәскеу оларды азық-түлікпен емес, геосаяси есеппен қабылдады. Мұнай барлауын жүргізуге «Росгеология» қызығушылық білдіріп, астық жеткізу арқылы ықпалын арттыруда. 2024 жылы Йемен Ресейден 2 миллион тонна бидай алғаны — осы сөзімізге дәлел.

2025 жылы екі ел арасындағы үкіметаралық комиссияның алғашқы отырысы жоспарланған. Бірақ негізгі мәселе — Мәскеудің осы шиеленіске араласуы арқылы қандай рөлге ұмтылып отырғанында.

Йемен үкіметі Кремльге қарап, хуситтерді сабасына түсіреді деп үміттенді. Алайда шындық мүлде басқа: Ресей үшін бұл соғыс — бейбітшілік әкелетін алаң емес, жаһандық тартыстың бір құралы. Украинада жалғасып жатқан қанды қақтығыс оның бар күшін жұтып отыр. Кремльге енді бейбітшілік емес, Батысқа қарсы жаңа майдан керек.

Хуситтер болса, Мәскеудің бұл ұстанымын түсініп отыр. Олар Ресейдің антибатыстық туын биік көтеріп, өздерін сол мүдденің серігі ретінде көрсетіп келеді. 2024 жылы Мәскеу олар арқылы жүздеген йемендікті Украинаға соғысқа аттандырғанын ұмытпау керек.


Йемендегі соғыста Ресейдің бейтараптығы жай ғана сөз. Іс жүзінде ол хуситтермен жақындасып, Батысқа қысым жасау үшін бұл жанжалды құрал ретінде қолданып отыр. Кремльге Йеменнің бейбітшілігі емес, әлемдік сахнадағы өз рөлі маңыздырақ. Ал соғыстан әбден қажыған йемендіктер үшін бұл араласулар — жаңбырдан кейінгі бұршақтай, одан сайын зәрлі бола түсті.