Мәжілісте аудан әкімдерін тікелей сайлауға уақытша мораторий енгізу туралы депутат Ерлан Саиров ұсынған бастама қоғамда үлкен талқылау тудырды. «Бұл демократиялық процестерді тежей ме?» деген сұрақтардың көбеюі де заңды.
Әрине Ерлан мырза бұл мәселені "жоғары" жақтың нұсқауымен жариялап отырғаны түсінікті.
Себебі алда барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Мәжіліс сайлауы келе жатыр.
Оның үстіне әкім сайлауы деген "провальный" демократиялық реформа өз нәтижесін бермеді.
Неге бермегенін және бермейтінін төменде талдап беремін.
Мәселені эмоциямен емес, нақты деректер және халықаралық тәжірибе аясында бағаласақ, қазіргі жағдайда мораторий емес, жүйелі институционалдық реформа қажет екені айқын көрінеді.
1. Қазіргі модельдің негізгі институционалдық кемшіліктері:
-ауданның стратегиялық дамуы облыстық бюджетке тәуелді;
-білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, спорт – аудан деңгейіне емес, облыстық басқармаларға бағынады;
-аудандық салық түсімдерінің едәуір бөлігі облысқа қайта бөлінеді;
-өзін-өзі ұсынған кандидаттардың сайлауға түсу мүмкіндігі формалды ғана;
-әкімдердің басым бөлігі — «Аманат» партиясының өкілдері, саяси бәсеке төмен.
Мұндай жағдайда сайланған әкім өз бағдарламасын іске асыра алмайды, өйткені негізгі тетіктер оның құзырында емес.
Инфрақұрылымдық мәселелер (жол, су, жарық) шешілгенімен, әлеуметтік-идеологиялық саладағы негізгі проблемалар аудан әкімінің өкілеттігіне кірмейді.
Сондықтан халықтың «әкім уәдесін орындамады» деген бағасы көбіне жүйенің кемшілігінен туындайды.
Аудан әкімдерінің барлық жетістігі «облыс әкімінің сәтті саясатының арқасы» ретінде көрсетіледі.
Бұл — жергілікті өзін-өзі басқарудың мәнін толық жоятын, әкімдерді орталыққа тәуелді ететін ескі саяси практика.
2024 жылы өткен 7 сайлауға 1 млрд теңге жұмсалды.
Алдағы үш жылда сайлануы тиіс әкімдер саны — 208.
Осы қарқын сақталса, бюджетке тағы бірнеше млрд теңге салмақ түседі.
Сондықтан да аудан әкімдігіне үміткерлердің үгіт-насихат шығындарының бір бөлігін олардың өздері көтеруі немесе ұсынған қоғамдық ұйым, партия т.б қаржы бөлгені дұрыс.
Сайланбаған жағдайда қаражат қайтарылады.
Бұл бюджетке түсетін артық салмақты азайтады;
кандидаттардың жауапкершілігін арттырады;
кездейсоқ популистердің жолын кеседі.
Мысалы Еуропада (Германия, Польша, Франция)
-жергілікті басшылар тікелей сайланады;
-дербес бюджет және нақты өкілеттіктер беріледі;
-жергілікті салықтар мен қаржы инструменттері әкімді толыққанды субъект етеді;
-партиялық бәсеке бар.
Халықаралық қағида:
«Алдымен өкілеттік және қаржылық дербестік, содан кейін ғана сайлау» дейді
Қазақстанда өкілеттігі шектеулі әкімдер тікелей сайлана бастады. Нәтижесінде сайлау демократия емес, формальді сайлауға айналды
4. Саяси бәсекелестікті арттыру — реформа өзегі
Аудан және ауыл әкімдерін тек бір партия өкілдерінің ішінен сайлау — жүйенің дамуын тежейді. Ол үшін барлық тіркелген партияларға тең мүмкіндік беру;
тәуелсіз кандидаттарға шынайы жол ашу;
саяси бәсекені арттыру арқылы әкімдердің сапасын көтеру.
Партиялық балама болғанда ғана сайлау қоғам сеніміне ие болады.
Менің пікірімше, қазіргі жағдайда мораторий енгізу — мәселені кейінге ысыру ғана.
Шешім — реальный толыққанды реформа жасау:
1. Аудан әкімдеріне нақты өкілеттіктер беру;
2. Бюджеттік автономия енгізу;
3. Әлеуметтік саланың құзыретін аудандарға қайтару;
4. Сайлауға барлық партиялар мен тәуелсіз кандидаттарды қатыстыру;
5. Әкім жұмысына қоғамдық бақылау механизмдерін күшейту қажет.
Қоғамдық кеңестер институтына бақылау-қадағалау функциясын беру қажет.
Қазақстанның қазіргі аудан әкімдерін сайлау моделі толыққанды демократиялық институтқа айналған жоқ.
Өкілеттігі жоқ әкімді сайлау реформаның имитациясы ғана.
Ең дұрысы — мораторий емес, терең институционалдық реформа.
Ал өкілеттігі кеңейтілген, бюджеттік дербестігі бар әкімдерді әділ әрі ашық сайлау — ұзақ мерзімде Қазақстан үшін ең тиімді жол.
Халықтың сеніміне ие болу үшін кейде тәуекелге бару керек, мырзалар!