Munarmedia.kz 22.09.2025 /Астана/ Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы уақытта ішкі нарықта сиыр еті бағасының өсуіне байланысты халықтың алаңдаушылығын мойындады.
«Соңғы кезде ішкі нарықта сиыр еті бағасының қымбаттауы байқалуда, бұл тұтынушылардың алаңдаушылығын туғызуда. Осыған орай ҚР АШМ ірі қара еті өндірісінің өзіндік құны мен баға қалыптастыру құрылымына қатысты жағдайды түсіндіреді. 1 кг еттің орташа өзіндік құны шамамен 2 800–3 100 теңгені құрайды. 15% көтерме үстемені ескере отырып, баға 3 400–3 500 теңге деңгейінде қалыптасады. Салыстыру үшін аймақтағы басқа елдерде бөлшек бағалар әлдеқайда жоғары: Өзбекстан мен Тәжікстанда – 6 500 теңгеге дейін, Ресейде – 8 500 теңгеге дейін, Қытайда – 8 000 теңгеге дейін, Түрікменстанда – 9 000 теңгеге дейін, ал Түркияда – 13 000 теңгеге дейін», – делінген ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің сенбі күнгі хабарламасында.
Ведомствоның түсіндіруінше, ірі қара малдың бір тұтас сойыс салмағынан еттің шығымы 50–60% шамасында.
«Оның ішінде тек 15–20%-ы премиум санаттағы ет бөліктеріне (вырезка, рибай, кострец) тиесілі, олар бағасы жоғары сегментке жатады. Орташа сегмент 40–45%-ды құрайды, ал төменгі бөлігі шамамен 25%. Ал сүйек, май және етке жарамсыз қиынды шамамен 15–20%-ға тең. Осылайша, бөлшек саудадағы баға тек өзіндік құнға ғана емес, сонымен қатар еттің категориясына, тағамдық құндылығына, малдың семіздігіне және қайта өңдеу тәсіліне байланысты қалыптасады. Майсыз ет бөліктері арзанырақ болса, ал жоғары мәрмәрленген әрі жұмсақ құрылымды ет премиум санатқа жатады және бағасы қымбат», – деп көрсетілген хабарламада.
АШМ сонымен қатар бағаның негізсіз өсуін тежеу бағытындағы жүйелі шаралар жалғасып жатқанын атап өтті.
«Олар қатарына – бордақылау алаңдары мен шаруашылықтарды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын кеңейту, ет өңдеу кәсіпорындарын салу мен жаңғыртуға қолдау көрсету, бағаларды тұрақтандыру үшін форвардтық сатып алу және интервенциялар жүргізу жатады. Сондай-ақ өнім өткізу тізбегінің барлық кезеңдерінде бәсекелестік заңнамасының сақталуына бақылау күшейтіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі ахуалды тұрақты түрде бақылауда ұстап, азық-түлік қауіпсіздігін және халық үшін ет өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктермен және мүдделі құрылымдармен өзара іс-қимылды жалғастыруда», – делінген хабарламада.