Атбасар колониясындағы іс үшінші рет сотқа өтті

30

Munarmedia.kz 13.04.2026 /Astana/– Атбасар қаласындағы түзеу мекемесінде азаптау фактілері бойынша қозғалған іс үшінші рет сот қарауына қайта жіберілді.

Еске салсақ, аталған іс бойынша 12 қызметкер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146-бабы 3-бөлігі 1-тармағы – «Қатыгез, адамгершілікке жат немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер, азаптау» бабы бойынша айыпталуда.

Алқабилердің қатысуымен өтетін сот отырысы 17 сәуірге белгіленді. Үш бұрынғы колония қызметкеріне қатысты бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалып, олардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Қалған айыпталушылар кепілмен бостандықта жүр.

Алғашқы сот процесі 2024 жылдың шілде айында басталған. Іс материалдарына сәйкес, 44 сотталған жәбірленуші ретінде танылған.

2025 жылдың ақпанында алқабилер соты айыпталушыларды ақтау туралы үкім шығарғанымен, мемлекеттік айыптаушы нақты мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған. Кейін Ақмола облысының прокуратурасы бұл шешімге наразылық білдіріп, үкімнің күші жойылды.

2025 жылдың желтоқсанында алқабилер айыпталушыларды қайта ақтаған. Алайда процессуалдық заңбұзушылықтардың анықталуына байланысты іс тағы да қайта қарауға жіберілді.

Осылайша, Атбасардағы түзеу мекемесінде азаптау дерегі бойынша қозғалған резонанстық іс қоғам мен құқық қорғау ұйымдарының назарында қалып отыр.

#Munarmedia #Astana #Атбасар #Ақмола #Сот #Қылмыс #Азаптау #Құқық