Munarmedia.kz 05.11.2025 /Астана/-Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Досаева мас күйінде көлік жүргізгені және жүргізуші куәлігінсіз тізгінге отырғаны үшін ұсталған еді. Алайда оқиға болғанына төрт күн өтсе де, судьяға қатысты әкімшілік қамауға алу шарасы қолданылған жоқ.
Полиция өкілдері бұл деректі растады. Айтуларынша, судьяларға қатысты мұндай жағдайларда арнайы рәсім қарастырылғандықтан, шешім қабылдау ұзаққа созылып отыр.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, судьяны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін әуелі Бас прокурор Президентке ұсыныс енгізуі тиіс. Кейін Жоғары сот кеңесі Мемлекет басшысына судьяны жауапқа тарту немесе тартпау жөнінде ұсыным береді.
Тек осыдан кейін ғана әкімшілік іс жүргізу тәртібі Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес жалғасады.
Яғни қарапайым азамат үшін бірден қолданылатын 15 тәулік қамау мен 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы, судья үшін ұзақ келісім процесінен кейін ғана қаралады.
Әзірге судья бостандықта. Бұл жайт қоғамда қызу талқыланып жатыр. Көпшілік «мұндай жағдайда тең жауапкершілік принципі сақтала ма?» деген сауал қойып отыр.
Адвокат Таир Назханов бұл жағдайды былай түсіндіреді:
«Судьяның иммунитеті – артықшылық емес, сот тәуелсіздігін қорғау тетігі. Ол судьяны шешім қабылдағаны үшін қудалаудан сақтау үшін енгізілген. Бірақ бұл қорғау кәсіби қызметіне ғана қатысты. Егер судья мас күйде көлік айдап, жол ережесін бұзса, онда қоғам заң алдындағы теңдікті күтеді».
Заңгердің айтуынша, мұндай жағдайларда көпшілік арасында «жазасыздық сезімі» қалыптасады, бұл өз кезегінде сот жүйесіне деген сенімді төмендетеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Конституция бойынша, судьяларды тағайындап, олардың қызметін бақылау құқығына ие. Мемлекет басшысы бұған дейін (Заң және тәртіп) қағидатын ұстанатынын және жаза бұлтартпау принципі елде мүлтіксіз орындалуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен.
Қоғамда дәл осы жағдай – сол ұстанымның нақты сынағы ретінде қабылдануда. Әлеуметтік желі қолданушылары арасында пікірталас күшейді:
«Бұл істі созып, ұмыттыруға тырысады, ал кейін қайтадан лауазымға тағайындайды» деген сын пікірлер жиі айтылуда.
Құқық қорғау саласының мамандары судьялардың тәуелсіздігін сақтау маңызды екенін мойындай отырып, жеке мінез-құлық пен кәсіби қызметті ажырата білу қажет екенін айтады. Өйткені заң алдында бәрі тең болғанда ғана қоғам әділдікке сенеді.