АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі заңсыз жүрген шетелдіктерге арналған жаңа бағдарламаны іске қосты. Өз еркімен еліне оралуды шешкендерге ұшақ билеті ақысыз беріледі және 1000 доллар төленеді. Бұл туралы АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының Елшілігі еске салды.
Елшіліктің мәліметінше, АҚШ-та иммиграциялық мәртебесі жоқ қазақстандықтарға бұл мүмкіндікті қарастыру ұсынылады. Себебі бұл заңмен байланысты мәселелерден аулақ болуға көмектеседі.
«Бұл қазіргі жағдайды заңды жолмен реттеуге және болашақта АҚШ-қа кіру құқығын сақтап қалуға маңызды қадам болуы мүмкін», — делінген елшілік хабарламасында.
Бағдарламаға өтінішті CBP Home мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.