Ақмола облысының Шортанды ауданында «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында «Таза өңір – жарқын болашақ» ұранымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және өскелең ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға тарту мәселелері талқыланды.
Кездесуге мектеп оқушылары, колледж студенттері, еріктілер, экология саласының мамандары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар экологиялық бағыттағы өзекті мәселелерді талқылап, жастарды нақты экологиялық бастамаларға жұмылдырудың маңыздылығына тоқталды. Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров экологиялық ағартушылық пен жастардың жеке үлгісі табиғатты қорғауда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
«Таза табиғат – ел болашағының кепілі. Біздің барлық еңбегіміздің тиімділігі жастардың белсенділігі мен экологиялық жауапкершілігіне тікелей байланысты. Бүгінгі оқушылар мен студенттер ертең өңіріміздің келбетін айқындайды – ол жасыл әрі гүлденген өңір бола ма, әлде табиғатқа немқұрайлы қарайтын қоғам бола ма, бұл өзімізге байланысты», – деді әкім.
Дөңгелек үстелден кейін қатысушылар Жастар аллеясында экологиялық акция өткізіп, 80 түп ағаш отырғызды. Шараға 150-ден астам адам – депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, оқушылар және волонтёрлер қатысты.
Іс-шараның қонағы Guinness рекордтар кітабының бірнеше мәрте рекордшысы Сергей Цырульников болды. Ол экологиялық бастамаларға жиі қатысып, әлеуметтік жобаларды белсенді қолдайды.
«Табиғатты қорғау бұл жай ғана міндет емес, әр адамның жеке таңдауы. Ағаш отырғызу – болашақ ұрпаққа мейірім мен қамқорлықтың белгісін қалдыру. Осындай шаралар адамдарды біріктіреді және тек бірлесе әрекет еткенде ғана жерімізді таза ете аламыз», деді ол өз сөзінде.
Биылдың өзінде Шортанды ауданында 500 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналып, 600-ге жуық ағаш егілген. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың туған жерін көркейтуге деген жоғары жауапкершілігін айғақтайды.
Жергілікті тұрғын Марина Слойка да тазалық акциясына өз үлесін қосып, ойымен бөлісті.
«Әр отырғызылған ағаш туған өлкенің болашағына қосқан үлес. Біз тек көшелерді көркейтіп қана қоймаймыз, сонымен бірге табиғатты аялау мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Бұл болашақ ұрпақтың өмірлік нормасына айналуы тиіс», – деді ол.