Ақмолада аграрлық кеңес өтті

77

Munarmedia.kz 16.04.2026/Astana/ – Ақмола облысында көктемгі егіс науқаны қарсаңында аграрлық кеңес өтіп, саладағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер кеңінен талқыланды.

Жиынға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан, сондай-ақ өңірдің шаруалары, аграрлық сала мамандары, қоғам өкілдері мен саяси партия филиалдарының басшылары қатысты.


Кеңес жұмысы таңертең Көкшетауда ұйымдастырылған заманауи ауыл шаруашылығы техникасының көрмесін тамашалаудан басталды. Көрмеде соңғы үлгідегі техникалар қойылып, цифрландыру мен инновациялық шешімдердің агросекторға кеңінен енгізіліп жатқаны байқалды.

Түстен кейін өткен негізгі жиында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы сараланды. Баяндамасында вице-министр Азат Сұлтанов Ақмола облысының аграрлық әлеуетіне жоғары баға беріп, өңірдің соңғы екі жылда рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл да мол өнім алуға толық негіз бар.


Министрлік деректеріне сәйкес, Ақмола облысы егін және мал шаруашылығы бойынша республикада алдыңғы қатарда. Жаңа технологияларды енгізу, саланы цифрландыру, сондай-ақ тұқым шаруашылығын дамыту бағытында Бараев атындағы ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен жұмыстар нақты нәтижесін беріп отыр.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Ахметжанов жерді тиімді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды. Өңір басшысы пайдаланылмай жатқан немесе тиімсіз игерілген жерлер мемлекетке қайтарылып, нақты жұмыс істей алатын шаруаларға берілетінін қатаң ескертті.

Сондай-ақ Президент тапсырмасы аясында аграрлық секторды қолдауға қомақты қаражат бөлініп жатқаны айтылды. «Кең дала–2» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиелер ұсынылып, жанар-жағармай, тұқым және қаржыландыру мәселелері жүйелі түрде шешілген. Осы ретте әкім өткен жылы алынған несиелерді қайтару тәртібін қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, бұл бағытта жауапкершілік күшейетінін жеткізді.


Кеңес барысында ауыл шаруашылығы тек егіншілікпен шектелмей, мал шаруашылығымен қатар дамуы тиіс екені атап өтілді. Бұл бағытта Ерейментау ауданында ірі ет өңдеу кешені іске асырылып жатыр. Жоба аясында қой етін экспортқа шығару жолға қойылып, өнімнің бір килограмы 11 АҚШ долларына дейін бағалануда. Кәсіпорын алдағы уақытта айына 20 тоннаға дейін ет өндіруді жоспарлап отыр.


Жиын қорытындысында облыс әкімі агрономдарға арналған арнайы семинар-кеңес ұйымдастыруды тапсырды. Сарапшылар пікірінше, саланың тұрақты дамуы үшін ғылым, тәжірибе және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді ұштастыру қажет.

Ақмола өңірі бүгінде еліміздің аграрлық драйверлерінің біріне айналып отыр. Сарыарқаның сайын даласында өндіріс көлемін арттыру, өнім сапасын жақсарту және экспорттық әлеуетті күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

#АқмолаОблысы #АуылШаруашылығы #КөктемгіЕгіс #АгроСала #КеңДала2 #Kazakhstan #Astana #Munarmedia