Алматы облысында екі атом электр станциясы салынбақ

36

Munarmedia.kz | 02.10.2025 / Астана Қазақстанда атом энергетикасы дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Алматы облысында екі бірдей атом электр станциясы (АЭС) салу жоспары бар. Бұл туралы ҚР Атомдық энергия жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Мәжілістегі брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Exclusive.kz.

«Атом саласы жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы өтті. Соның нәтижесінде елімізде атом электр станциясын салуға екінші перспективалық алаң анықталды. Бұл алаң да Алматы облысындағы Жамбыл ауданында орналасқан. Яғни, еліміздің оңтүстік өңірінде екінші станция пайда болады. Өйткені бұл аймақта энергия тапшылығы бар. Қазір ол жаққа электр қуаты солтүстіктен транзит арқылы жеткізілуде. Жаңа станциялар аймақтағы энергиямен қамту сенімділігін және тұрақтылығын арттырады», – деді Сәтқалиев.

Станцияны кім салады?
Қазіргі таңда барлық ықтимал мердігерлермен, оның ішінде халықаралық серіктестермен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Қытайлық CNNC компаниясын негізгі үміткер ретінде қарастырып жатырмыз. Бірақ әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Біз олардың ұсыныстарын қарастырып отырмыз», — деп атап өтті агенттік басшысы.

Контекст:
Алматы облысы – елдің оңтүстігіндегі қарқынды дамып жатқан өңірлердің бірі. Мұнда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм белсенді дамуда. Алайда электр энергиясына деген сұраныс күн санап артып келеді. Қос АЭС жобасы — аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, еліміздің атом энергетикасындағы тәуелсіздігін арттыратын қадам ретінде бағалануда.

📸 Фото: Depositphotos