Адам өмірін арашалап қалуға мүмкіндік болса – несие рәсімдеу өтінімдерін дереу бұғаттайтын тетік енгізілуі керек

87



Munarmedia.kz. 11.07.2025 ж. /Астана/-Қазақстандық қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов еліміздегі азаматтардың алаяқтардың арбауына түсіп, арты суицидтік ойларға дейін жетіп жатқанын айтып, банк жүйесіндегі қорғау құралдарын күшейтуге шақырды.

«Көрші кабинетте отырған жігіт соңғы күндері мазасыз жүрді. Кейін белгілі болғандай, онлайн-қоңырау арқылы оған қоңырау шалған алаяқтар Kaspi банкінен несие рәсімдетіп, ол қаржыны Freedom Bank-ке аудартқан. Кейін бұл қаражат алаяқтардың шотына түскен. Ал қызметтестері арасында бір қыз баланы микроқаржы ұйымынан несие алуға мәжбүрлеп, бірнеше жыл бойы өзін барлығынан шектеп өмір сүруге итермелеген. Соңында ол өзіне қол салмақ болды», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда ондаған адам алаяқтардың құрбанына айналып, өмірден түңілуге дейін баруда. Себебі олар банктердің өздеріне сенім артпайтынын, жалпы ешкім бұл жағдайға араласпайтынын түсініп, тығырыққа тірелгендей күй кешуде.

«Егер адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар болса – несие рәсімдеу өтінімдерін уақытша бұғаттайтын жүйені бүгін енгізу керек. Бұл шұғыл әрі жүйелі шешімге айналуы тиіс», – деп түйіндеді Расул Рысмамбетов.