Абай облысындағы ауылдың экс-әкімі 500 мың теңге үшін түрмеге қамалды

47

Munarmedia.kz 28.11.2025 /Астана/ Абай облысына қарасты Үржар аудандық прокуратурасы жергілікті ауыл округінің бұрынғы әкіміне қатысты заңбұзушылықты анықтады. Тексеру барысында экс-әкім қоғамдық жұмыстарға бөлінген 500 мың теңгеден астам қаражатты жымқырғаны белгілі болды. Бұл дерек тіркелгеннен кейін сотқа дейінгі тергеу басталып, іс материалы процессуалдық шешім қабылдау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолданды.

Тергеу нәтижесінде іс сотқа жетті. Сот бұрынғы әкімді алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуіне тыйым салу түріндегі қосымша жаза тағайындады.

Алайда бұл іс Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты сот үкімдерінің біркелкі еместігі туралы бұрыннан айтылып жүрген мәселелерді қайта көтерді. Қоғамда «ірі шенеуніктер неге ауыр қылмыстар үшін жеңіл жаза алады?» деген сұрақ жиі туындайды.

Мәселен:

  • 2024 жылы Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Дастан Хамзин пара алу және аффилиирленген тұлғаларды жалған жұмысқа орналастыру бойынша айыпталғанына қарамастан, 55 млн теңге көлемінде айыппұлмен құтылған.

  • Сол жылы Атыраудың экс-әкімі Қайрат Уразбаев алаяқтық бойынша 3 жыл шартты жаза алды.

  • Көкшетау аудандық соты Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Самат Ескендировке алаяқтық үшін 5 жыл шартты жаза тағайындады.

  • Ал 2018 жылы «Қазақстан инжиниринг» АҚ бұрынғы төрағасының орынбасары Қанат Сұлтанбековке қатысты жағдай да қоғамдық резонанс тудырған еді: апелляция алдыңғы 10 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкімді жойып, оны 2,1 млрд теңге айыппұлға алмастырды.

Осы мысалдар Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық бойынша үкімдерде бірізділіктің жоқтығын, жаза тағайындау кезінде лауазым деңгейіне қарай айырмашылық барын айқын көрсетіп отыр.

Қоғам белсенділері мен сарапшылар бұл жағдай әділдікке деген сенімді әлсіретіп, құқықтық саясаттың ашықтығына қатысты сұрақтарды көбейтетінін айтуда.