Абай облысында құны 272 млн теңге болатын заңсыз құм өндіру ісі әшкереленді

74

Munarmedia.kz.07.08.2025 /Астана/-Абай облысының әкімшілік орталығы – Семей қаласында табиғи ресурстарды заңсыз пайдалану дерегі анықталды. Қадағалау органының мәліметінше, жергілікті прокурорлар 68 мың тоннадан астам құмның жалған сертификаттар арқылы заңсыз өндіріліп, сатылғанын әшкерелеген.

Заңсыз әрекеттер салдарынан жер қойнауына елеулі залал келгені ресми түрде танылып отыр. Заңсыз қазба жұмыстары жүргізілген нақты координаттар дрон арқылы қашықтан анықталса, құмның қозғалыс бағыты – өндіру және тиеу нүктесінен бастап, соңғы тұтынушыға дейінгі бүкіл логистикасы «Сергек» автоматтандырылған көлік қозғалысын бақылау жүйесінің көмегімен түгелдей бақылауға алынған.

Құқыққа қайшы кәсіпкерлік қызмет тоқтатылып, кінәлі тұлғалар бірнеше бап бойынша сотталды. Атап айтқанда: заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, жер қойнауын өз бетінше пайдалану, қылмыстық жолмен табылған кірісті заңдастыру (ақшаны жылыстату), сондай-ақ көлік құралының мемлекеттік нөмірін қолдан жасау деректері бойынша үкім шығарылған.

Сот екі азаматты бас бостандығынан айырып, қылмыс құралы ретінде танылған екі тиегішті тәркілеу жөнінде шешім шығарды. Сонымен қатар, сот үкімімен сотталғандардан мемлекет меншігіндегі табиғи ресурстарға келтірілген 272 миллион теңгеден астам залалды өтеу міндеттелді. Азаматтық талапты қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 144 миллион теңге болатын мүлікке тыйым салынған.

Алайда бұл сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.